Саққұлақ би (шын аты Сәбден) (1800, Ақмола облысының Ерейментау ауданы — 1888, сонда) — Орта жүз, арғын тайпасының атақты биі, шешен. Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі. Жасынан зерделі де зерек өскен ол 12 — 13 жасынан әкесі Бапан бидің қасында жүріп, шешендік өнерін ұштаған, ел билеу ісіне араласқан. Баласының қабілетін сезген әкесі Сәбденді 15 жасында кішігірім дау-дамайды шешіп келуге жұмсаған. Ол 16 жасында сол өңірде шешендік атағы шыққан Байдалы бимен сайысқа түсіп, Байдалының “Құлағың неткен сақ еді” деген сөзінен кейін “Саққұлақ” атанып кеткен. Саққұлақ бидің “Саққұлақтың Шоқанға берген батасы”, “Ақыл туралы”, “Шоқанның Саққұлақ биге қойған сауалдарына берген жауабы”, “Төрт нәрседен қашық қыл”, “Мұсаның өліміне айтқаны”, “Орман-тоғай жер сыны”, “Жақсы қатын алсаңыз дүр-шекерді”, “Қыз күнінде балаң-балаң”, “Шоқанның қарындасына айтқаны”, Шоқан қазасына орай “Бұл да бір ғалымның бірі еді-ау”, “Шыңғысқа өз аузынан айтқан көңілі”, “Батырдың басы орда қалар”, “Байдалы биге айтқаны”, “Ғылым туралы”, “Мұсаға айтқаны”, “Мүсетке айтқаны”, т.б. көптеген шешендік сөздері бар. Оның шешендік нақыл сөздерінен елдік пен ерлік, ғылым, білім, жақсылық пен жамандық туралы терең философиялық ой-түйіндерді байқауға болады.
Басқа би-шешендердей емес, Саққұлақ би өзі айтқан билік сөздері мен басқа билердің аталы сөздерін, бағалы ойларын үнемі қағазға түсіріп жүрген. Кісі қолынан қаза тапқан би Бөгенбай батыр ұрпақтарының қорымына жерленген. Саққұлақ биден 7 ұл қалған. Нұралы, Ералы деген ұлдары әкесіне тартып би-шешен болған. Ералының “Жантай” деп аталатын дастанын С.Сейфуллин жазып алып, “Әдебиет майданы” журналында (ғ1, 1936 ж.) жариялаған.