Мүсет ел аралап жүріп, Саққұлаққа сәлем бере барыпты. Саққұлақ Мүсетті бұрын көрмеген екен.
- Кімсің-ей? - депті.
- Уа, мен Керей Мүсетпін.
- Е, Керейдің торы алалы жылқысын құртқан кесірлі Мүсет сен бе едің? Сонда Мүсет:
- Е, кешегі заманда еліңді жау шауып, қызыңды қатын, қатыныңды отын қылған екен, о да менің
қырсығым болғаны ма? - Саққұлақ сөзден тосылып қалып, қылышын ала ұмтылыпты. Мүсет
үндемей үйден шығып кетіпті. Оны көріп Нұралы алдынан шығып, сәлем беріп:
- Е, Мүсеке, би атама сәлем бермедіңіз бе, жол болсын?
- Ағама барып едім, жынданып жатыр екен, - депті, Мүсет.
- Олай болса, би, біздікіне жүріңіз, қонақ болыңыз, - депті Нұралы. Мүсет "жарайды" деп ілесіпті. Есікке жақындағанда бұрылып Саққұлақтыкіне қайта кіреді. Сонда Саққұлак Мүсеттің сәлемін алып:
- Эй, Мүсет-ай, жарайсың, мені екі өлімнен алып қалдың-ау, жұрт мақтаса - мақтағандай екенсің, - депті. - Өйткені мен қылыш ала ұмтылғанда шабуым керек еді, шаптырмадың. Ол - бір. Екінші, сол бетіңмен кетіп қалмай, қайта келіп сәлемдесіп отырсың, бұдан артық білім бар ма?
Пікірлер