bootsnipp

Жиренше шешен Түркі мемлекеті

Қаралған: 28521

Жиренше (ХІҮ-ХҮ) — аты аңызға айналған дала данышпаны, шешен. Түркі халықтарына ортақ ойшыл. Өмірде болған тарихи тұлға ретіндегі болмысы аз зерттелген. Бірқатар өмірбаяндық деректерінің нақтылығына, шығармашылық стилінің айқындығына және автор ретіндегі есімі ел есінде ғасырлар бойы еш өзгеріссіз сақталғандығына қарамастан, Ж.-ге әпсаналық кейіпкер, жиынтық образ ретінде қарау басым. Шығыс мәдениетінің көне дәуірлердегі өкілдерін персонификациялауға күмәнмен қарауға бейім «евроцнтризм» салқыны сезіледі. Тіпті, әдеби лақап (псевдоним) пен жиынтық образ негізінде де шындық жататынын естен шығаруға болмайды. Ж. шешендік сөздері — далалық өркениет тәжірибесінің жарқын көріністерінің қатарына жатады. Терең тағылымды толғамдар өміршеңдікке шақырып, ақыл-ой салтанатын түйсінуге мүмкіндік береді.





Афоризмдер Жиренше шешен Афоризмдер саны: 9


Қарашаш Жиренше орта жасқа келгенде қаза болады. Жиреншенің бұрынғы жас күні емес, қыз қарастыруға ыңгайы келмей, бірер жыл жүреді. Бір күні Әз Жәнібек хан Жиреншеге: "Шешенім, сенің үйленбей жүргенің жарамайды: пәленшенің қатыны ерінің тірісінде жақсы әйелдің бірі еді, соны сен ал!" дейді. Жиренше шешен: "Сіз үйғарган болсаңыз жарайды", - деп сол қатынды алады. Арада біраз уақыт өткенде хан: "Шешен, мына қатының бұрынғылардай болатын ба, қалай?" дейді. Сонда шешен: "Күндіз екеуміз, түнде төртеуміз", - дейді. Хан: "Түнде төртеуің қалай" дегенде, Жиренше шешен былай дейді:

Ері есіне түседі, Теріс қарап жатады. Оныменен ол екеу. Қарашашты ойлаймын, Мен де теріс қараймын. Оныменен мен екеу. Оймен тауып жолдасты, Боламыз түнде біз төртеу.

Таң атқан соң оянып. Тұра келген тағы екеу! Қыздай алмай қатын болмас, Есік көрген макұл болмас. Қанша жақсы көрем десе де, Бұрынғыдан жақын болмас. Байы өлген қатынды алу, Ойлағанда ақыл болмас.

Хан мен жиылган көпшілік шешеннің сөзін тыңдап "рас-ау!" десіпті.

Автор: Жиренше шешен

Ел ішінде Жиренше айтыпты деген әңгіме көп. Соның бірінде дуалы ауызды шешеннің тапқырлығына тәнті болмай отыра алмайсыз.

Қай заман екені бір Аллага аян. Жиреншенің атына сырттай қанық хан оны бір көрмекке, жүзбе-жүз отырып көшелі сөзін естімекке құмартады. Шақырту алған шешен айтқан уақытында хан сарайына келіп, табалдырықтан аттаған бойда:

Бір жасыңыз мың болсын! - деген екен.

Хан кісі тыңдап, ой түюге пейіл тұрады. Әзгенің асылын ажырата алмаса да жасыгына мін тағуға бейім келеді. Сол мінезбен Жиреншенің әлгі бір ауыз сөзін ұнатпай:

- Киелі орынның мәртебесіне сай сөз тауып айттым деп отырсың ба? - дейді мұқатыңқырап.

Жиренше аспай-саспай: "ділмөрім, бетіңді бір қайырып тастадым ба?" дегендей, тары на шалқая түскен ханға тіктей қарап:

- Сөзіңізге кұлдық, хан ием, - деп назарын өзіне аудартады. Адам өзі мың жасамайды, артында аты қалса, атына сай сөзі қалса, аты атына сай сөзі мың жасайды. Екінші мына опасыз жалған дүниеде бір көрген қызық дәурені бір күнге бергісіз болса, сол бір күннің өзі мың жылға татыр қызық дәуренмен өтсін деп едім. Сөзге тоқтаған хан Жиреншеге сол жерде астына арымас ат мінгізіп, үстіне тозбас шапан жауыпты.

Автор: Жиренше шешен

Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.

- Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?

- Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.

- Інгенді тұсап қойсаң етті?

- Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.

Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты.

- Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес. Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап "Жиренше бала" деп атап кетіпті.

Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, - дейді ел аңызы.

Автор: Жиренше шешен

Жәнібек хан жолға шығар кезде Жиреншемен әрдайым: "Ананы қайтеміз, мынау қалай болады" деп ақылдасып алады екен. Содан соң Жиренше қалай мәслихат жасаса, тіл қатпай, оның дегенін істеуге өмір қылады екен. Бір күні хан асығыстау жолға шығайын деп қызметшілеріне:

- Тез күймемді дайындаңдар, күймеге қып-қызыл күрең алты нар жегіңдер, - деп өмір беріпті. Қызметшілер жылдамдатып алты қызыл күрең нар жегіп, күймені тұп-тура хан шығатын есіктің алдына әкеп қойыпты. Содан соң хан:

- Жиреншені шақырыңдар, меніменен бірге жүрсін, - дейді. Хан қызметшілерінің бірі жүгіре басып Жиреншеге жетіп келеді:

- Ау, Жиренше, хан жолға дайындалып, сізге тез келсін, меніменен бірге жүрсін деп жатыр, - дейді. Сонда Жиренше:

- Ханның жеккені не? - депті.

- Жеккені қып-қызыл алты нар өзір түр.

Жиренше айтыпты:

- Қазір барамын, ханға сәлем айт, күн бұлт екен де, - деп. Содан шақырушы ханға:

- Тақсыр, Жиреншені шақырдым, ханға сәлем айт, қазір барамын, күн бұлт екен деп айт деді, - дейді.
Айтулы сөздің астарын түсіне қойған хан қызметшілеріне:

- Алты нарды доғарып, күймеге алты тұлпар жегіңдер! - деп бұйырады. Тұлпарлар жегіліп әзір болған кезде Жиренше де келіпті. Сөйтіп хан екеуі жолға шығыпты. Жолда құбыладан қара бұлт көтеріліп жаңбыр құйыпты. Жер батпаққа айналыпты, соған қарамастан жануарлар сыдырта желіп отырыпты. Сонда Жиренше ханға қарап: - Жылқы малдың патшасы, түйе малдың қасқасы: түйе малының мынадай ми батпақта жүруі қиын, мен соны ойлап айтқан едім, - депті.

Автор: Жиренше шешен

Афоризмді іздеу

Афоризм қосу

Топ авторлар

bootsnipp

Лев Николаевич Толстой

(28.08.1828 – 07.11.1910)
bootsnipp

Аристотель

(01.01.0384 – 01.01.0322)
bootsnipp

Бауыржан Момышұлы

(24.12.1910 – 10.06.1982)
bootsnipp

Хелен Адамс Келлер

(27.06.1880 – 01.06.1968)
bootsnipp

Ансел Адамс

(20.02.1902 – 22.04.1984)
bootsnipp

Элберт Грин Хаббард

(19.06.1859 – 07.05.1915)
bootsnipp

Исаак Ньютон

(25.12.1642 – 20.03.1727)
bootsnipp

Дуглас Адам

(11.03.1952 – 11.05.2001)
bootsnipp

Фрэнсис Бэкон

(21.01.1561 – 09.04.1626)
bootsnipp

Чарльз Буковски

(16.08.1920 – 09.03.1994)