Әз Жәнібек хан жігіт кезінде өзінің бір топ достарымен серуен құрып келе жатса, алдынан бір аққұбаша бала кездесе кетеді. Жеті-сегіздер шамасындағы әлгі бала жалаң аяқ, үсті-басы жұлым-жұлым екен.
- Бұл елсіз далада неғып жүрген баласың?
- Сүтін ішіп жүрген жалғыз інгенім бар еді, содан айрылып қалып, осы даладан іздеп жүрмін.
- Інгенді тұсап қойсаң етті?
- Тұсап жүруші едім, тұсауы үзіліп кетіпті.
Жәнібек те жастайынан естияр, ақылды екен. Жетім баланың өлген шешесін жұмбақтап айтқанына түсіне қойыпты.
- Е-е, сенің шешең өліп, ана сүтінен айрылған жетім бала екенсің ғой, кел атыма мінгес. Жәнібек жігіт әлгі баланы атына мінгестіріп, үйіне әкепті. Жуып-шайындырып киіндіріпті. Ауыл адамдары оны түсіне қарап "Жиренше бала" деп атап кетіпті.
Болашақ екі дана жас кезінен-ақ осылайша кездесіп, өле-өлгенше бір-біріне ақыл-серік боп кетіпті, - дейді ел аңызы.
Пікірлер