Сәбит Дөнентаев (1894—1933) — қазақ ақыны. Оның поэзиясы терең мазмұнды, ойлы болумен бірге көркемдік қырларымен, өзіндік өзгешеліктерімен де ерекшеленеді. Ең алдымен ақынның көптеген өлеңдерінде нақтылық сипат, тұжырымдылық басым. Оның поэзиясының тілі таза, қарапайым және сонымен бірге бейнелі де көркем. Сәбит поэзиясында сырттай жарқылдақтық, асқақ лептілік жоқ. Ол өмір шындығын боямасыз қалпында, реалистік сарында суреттейді. Ақын ойға жомарт, сөзге сараң болуға кеп көңіл бөледі...
Шығармашылығы:
Сәбит Дөнентаевтың шығармашылығына Абайдың, Крыловтың, Тоқайдың өлеңдері, мысалдары әсер еттi. 1913 жылы «Айқап» журналында Сәбит Дөнентаевтың «Қиялдарым» өлеңi шығады. Бұл журналда кезінде Сұлтанмахмұт Торайғыров және тағы басқа қазақ ақындарының өлеңдерi шыққан. 1915 жылы Yфi (Уфа) қаласында Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек» деген өлеңдер жинағы шығады.
Ақын өз халқын қамын ойлап, оның өмірі, тағдыры, халі, тұрмысы туралы өлеңдер жазған, сатира ақыны болып, елін зорлайтын байлар мен патша өкіметіне күледі, әділет туралы ойлайды. Ақынның «Бозторғай», «Көк төбетке», «У жеген қасқырға», «Екі теке» мысалдары бар. Бұл еңбектері Крыловтың шығармашылығының ақынына әсер еткенінен жазылған. «Биік тау», «Заман кімдікі» әділет туралы ойлайтын-толғайтын азаматының мұңдары. «Қазақтан шыққан білгендер» — жастарға үгіт-насихат. «Көркемтай» повесті жетімнің тағдыры туралы.