Мұхтар Шаханов (2 шілде 1942 жылы туған, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу селосы) — қазақ ақыны, драматургі.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Халық жазушысы, 1999 жылы Қырғыз Республикасының Халық ақыны атақтарына ие болады. 1961-65 жылдары Шымкент педагогикалық институтында білім алып, оқуды бітірген соң "Оңтүстік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, отандық телевизия, радио, редакцияларда жұмыс істейді. 1966 жылы көптен күткен «Бақыт», 1968 жылы адамгершілікті арқау еткен «Балладалар», 1970 жылы «Ай туып келеді», 1974 жылы «Қырандар төбеге қонбайды», 1979 жылы «Ғашықтық», 1982 жылы «Махаббатты қорғау», 1988 жылы «Ғасырларды безбендеу» атты жыр жинақтары жарық көреді. 1984-1993 жылдар аралығында «Жалын» альманағының бас редакторы болып жұмыс істейді. Артынша 1986 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып орналасады. 2004-2007 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болғанға дейін Қазақстан Республикасының Қырғыз республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет жасайды.