Софокл (гр. Σοφοκλής) (б.з.б. 496 – 406 ж. ш.) – ежелгі грек ғұламасы, драматургиялық біздің заманымыздан бұрын 440 – 439 жылы әскери қолбасшы болған. Ол мемлекет істеріне де араласып, эллиндер мәдениетінің дамуына үлес қосқан. Ертеден жеткен мәліметтер бойынша 120-дан астам драма жазған, 30 мәрте трагик ақындардың айтысына қатысып, 24 рет бас бәйгені иемденген. Бізге 7 драмасы толығымен, 90-нан астамы үзінді қойылымдар түрінде жеткен. Софокл шығармалары Грекиядағы құл иеленушілік құрылымның дамып, гүлденген кезеңін, қоғамдық-саяси оқиғаларға толы өзгерістерді, ел демократиясының жай-күйін бейнеледі. Софокл дарынды актер ретінде де танылды, актерлік өнерді кәсіби деңгейде дамытуға, сан қырынан жетілдіре түсуге баса назар аударды. Әлем әдебиетінде Софокл ірі тұлғалар сомдап, образдар галереясын жасаған ежелгі грек трагедиясының аса көрнекті өкілі ретінде бағаланады.