РАШИД әд-ДИН, Фазлаллах ибн Абу-ль-Хайр Хамадани (лақап аты ат-Табиб) (1247, Хамадан, — 18.7.1318, Тебриз) — иран тарихшысы және мемлекет қайраткері. 1298 — 1317 ж. Иранды билеген моңғол хандары Ғазан хан мен Улжайту ханның уәзірі болды. Ғазан ханның реформасын жүзеге асырды. Медицина саласында да үлкен білімдарлық танытып, мемлекет қайраткері ретінде жан-жақты қабілеттілік көрсетті. Оның алым-салық саясаты елдің экономикасын қайта жандандыруға бағытталды. Уәзір болған кезінде ірі жер иеленушіге айналды. Он ұлы жер-жерде өз алдына билік құрды. РАШИД әд-ДИН діни ғұлама, энциклопедист, ғалым, дәрігер, ботаник әрі табиғаттанушы болды. Агро және құрылыс техникасы жөніндегі энциклопедия “Китаб-уль-ахи-уа-ль-асар” мен мұсылман (сүннит) теологиясы бойынша 4 трактат жазған. Оның еңбектерінің ішіндегі ең құндысы — 3 томнан тұратын бізге жетпеген тарихи деректер негізінде жазылған “Жамиғ ат-тауарих” (“Жылнамалар жинағы”). РАШИД әд-ДИН. Абу-Саид Баіадүр хан тұсында биліктен тайдырылып (1317), кейіннен Улжайту ханға қастандық жасады деген желеумен өлім жазасына кесілді. РАШИД әд-ДИНнің еңбектері ортағасырлық Қазақстан тарихын зерттеуде құнды дерек болып табылады.